Еріктілер қарттарға көмектесті
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы «BIRGEMIZ» акциясын бастады. Аталған науқан аясында еріктілер жалғызілікті аналарға, мүгедек жандарға және зейнеткерлерге көмектесіп, үйінің маңын қардан тазартып, профилактикалық әңгіме жүргізеді, деп хабарлайды тілшіміз.
Волонтерлардың бірінші кезектегі міндеті — су басу аймағындағы жеке үйлердегі зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға және ерекше күтімді қажет ететін адамдарға көмектесу. Жеке секторда тұратын басқа үй иелеріне акцияны ұйымдастырушылар үйдің маңындағы қарды уақытында тазартып отыруы туралы ескертеді. Белсенді жастар тұрғындардан ұқ ұлпаны жолдың жиегіне шығаруып қоюды сұрайды. Себебі бұл жерден коммуналдық қызметтерге қарды алып кету ыңғайлы.
«Қала аумағында «Ойқала», «Береке» шағын аудандары, Жұмысшы, Заречный, Солнечный-2 сынды кенттер су басу қаупі бар аймақта тұр. Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында біз қазір профилактикалық жұмыстарды күшейттік. Аулаларды аралап, тұрғындарға жадынамалар таратамыз. Сондай ақ шағын және орта бизнес өкілдеріне олардың аумағындағы қарды тазалау қажеттігі туралы ескертеміз», — деп атап өтті «Жастар Рухы» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Біржан Құдайбергенов.
Акцияға облыстық төтенше жағдайлар департаменті және Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де үн қосты. Жалпы өңір бойынша партиялықтар жастар ұйымдарынан 50-ге жуық еріктілерді жұмысқа тартты. Профилактикалық жұмыстармен облыс бойынша 10 мыңнан астам аула қамтылады.
«Қазгидромет» филиалының мәліметтіне сүйенсек, облыстың басым бөлігінде қардың биіктігі мен қар жамылғысындағы су қоры былтырғы жылмен салыстырғанда көп. Қазір өңірде қар жамылғысының биіктігі нормадан орта есеппен 10 см-ге асады. Қаңтар айының соңындағы жағдай бойынша облыста 87 елді мекен су басу қаупі бар аймақта тұр.