СҚО-дағы дарынды балаларға мамандандырылған мектептер 5-ші және 7-ші сыныптарға түсуге оқушылардың құжаттарын қабылдауда
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ақпанның 1-нен дарынды балаларға мамандандырылған мектептерге оқушылардың құжаттарын қабылдау науқаны басталды.
Бүгіндері Петропавлда дарынды балаларға мамандандырылған 4 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олар – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Білім – инновация» лицей – интернаты, Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-музыкалық -эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені, «ЛОРД» дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты.
— Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты мен «ЛОРД» мектеп-лицей-интернатына оқуға түсу үшін оқушылар арнайы байқауға құжаттарды ақпанның 1-і мен сәуірдің 15-сі күндері аралығында тапсыра алады. Бүгінде біріншісі бойынша 5-сыныпқа 18 квота, 7-сыныпқа 16 оқушы бөлінген. Ал екінші білім беру ошағында 5-ші сыныпқа 50 квота қарастырылған.
Кейін құжаттар қабылданған соң, үміткерлердің электрондық базасы жасақталып, тиісті ақпарат тест материалдарын құрастыру үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына жіберіледі. 7-ші сыныпқа оқуға түсушілер 75 сұрақтан құралған емтиханнан өтуі шарт. Ал 5-ші сынықа қабылданатындар 40 сұраққа жауап беруге міндетті, — дейді СҚО білім басқармасы бөлімінің бас маманы Алмагүл Оспанова.
Дәл осы сынды науқанды «Білім – инновация» және Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-музыкалық -эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп- интернат кешені де өткізеді.