Петропавлда «Qyzyljar investment forum – 2024» форумы өтті
Өңірдің құрылыс саласына алпауыт компаниялардың назарын аударуға бағытталған форум С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өтті. Шара өңірдің өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс компанияларының көрмесінен басталды.
Көрмеден соң облысқа келген меймандар пленарлық отырыстарға қатысып, өңірдің потенциалын таразылады. Шараны ашқан СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аймақтың негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталды. Оның сөзінше, соңғы 3 жылдың ішінде теріскейге 2,2 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартылды.
— Өткен жылы шетел инвестициясының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге өсіп, 282 млн. долларға жетті. Бүгіндері өңір экономикасының 15 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Былтыр өндіріс көлемі 1,4 млрд. долларды құрады. Мұның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Бүгінде облысқа құйылған инвестицияның 40 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталып отыр, — деді СҚО әкімі.
Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, облыста ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бойынша жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Елде қолданысқа берілетін әр екінші сүт-тауарлы ферма солтүстікте ашылады.
Форумның соңында қала әкімдігі, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы өкілдері мен инвесторлар арасында меморандумдарға қол қойылды.