СҚО полицейлері ет өнімдерін сатуға қатысты 17 құқық бұзушылықты анықтады
Ақпанның 21-нен бастап облыста «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Қылмыстың осы түрін ашу және жолын кесу, оның ішінде ет сату ережелерінің сақталуын бақылау бойынша жұмыс күшейтілді. Құқықтық тәртіп сақшылары ветеринариялық қызметтің қызметкерлерімен бірлесіп, базарлар бойынша рейдтер жүргізіп, мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктерді тексеріп жатыр.
Жедел алдын-алу іс-шарасы барысында Петропавл тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Белгілі болғандай, азамат «Toyota» шағын автобусымен коммуналдық нарыққа ілеспе құжаттарсыз ірі қара малды жеткізуге тырысқан. Жалпы екі күннің ішінде облыс бойынша осындай 17 факт анықталды.
– 85 бірлік автокөлік, 26 өткізу орны, 126 шаруа, фермер қожалықтары мен шалғайдағы нүктелер тексерілді. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда тексеру барысында тіркелмеген тегіс ұңғылы қаруды сақтау фактісі анықталды. Ауыл тұрғынының айтуынша, Есіл өзенінің жағасынан ТОЗ мылтығын тапқан. Сол ауданда бұрынғы аңшыдан полиция қызметкерлері 16 калибрлі 51 патронды тәркіледі. Тәркіленген қару мен оқ-дәрілер сараптамаға жіберілді, әкімшілік материалдар жинау үрдісі жүріп жатыр, – деді криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Иван Терзиди атап өткендей, жыл басынан бері облыста мал ұрлығы фактілері тіркелмеген, өткен жылдар санатындағы 2 қылмыс анықталды. Олар – Тимирязев ажәне Уәлиханов ауданындағы жылқы ұрлығы.