Балаларын үшінші тұлғаларға тәрбиелеуге берген
СҚО прокурорлары «Бақытты және қауіпсіз балалық» жобасын өткізді. Нәтижесінде ата-аналардың балаларын заңмен анықталған тәртіптен тыс үшінші тұлғаларға беру фактілері анықталды.
Мұндай 970 жағдай тіркелді. Яғни, заңды өкілдер Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» кодексінің талаптарын бұза отырып, балаларды нотариалдық сенімхаттар бойынша үшінші тұлғаларға тәрбиелеуге берген. Ал қорғаншылық және қамқоршылық функциялары тек уәкілетті мемлекеттік органдарға ғана беріледі. Нәтижесінде жоғарыда аталған нотариаттық сенімхаттарды беру тәжірибесі кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкелді.
Қадағалау органының актілері бойынша нотариустар 55-тен астам сенімхаттың күшін жойды, уәкілетті орган заңды өкілдермен құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 39 бала қайтадан ата-анасымен бірге тұра бастады, ал 14 адам қорғаншы болу мүмкіндігі туралы қорытынды алу үшін қорғаншылық және қамқоршылық органдарына өтініш берген.