«Қызылжар» футбол клубы «Тобылдан» басым түсті
Футболдан ел біріншілігінің 14-ші турында жергілікті «Қызылжар» командасы сырт алаңда қостанайлық «Тобылға» қарсы ойын өткізді. Бұл кездесуде жерлестеріміз қажетті үш ұпайды еншіледі.
Ойын қостанайлық команда үшін сәтті басталды. Есепті бірінші болып алаң иелері ашты. Кездесудің 26-шы минутында Роман Асранкулов көзге түсті. Бірінші бөлім аяқталар кезде петропавлдықтар сапындағы Лука Имнадзе мергендігімен танылып, таразы басын теңестірді.
Екінші тайм басталысымен жерлестеріміз шабуылдауға кірісті. Өкінішке қарай, көпке дейін есеп өзгермеді. Тек ойынның 82-ші минутында «Қызылжар» клубының ойыншысы Рафаиль Оспанов жеңісті голдың авторы атанды. Осылайша «Тобыл» ойламаған жерден қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде солтүстікқазақстандық еншілеген үш ұпай команданы 10-шы орыннан 9-шы сатыға көтерді. Турнирлік кестеде көш басында әзірге «Ақтөбе» келе жатыр.