Петропавлда сарықұрлықтық додада жүлдегерлер атанғандар марапатталды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов XX жазғы Азия ойындары мен 2026 жылғы V жазғы Пара Азия ойындарында Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған спортшыларды марапаттау рәсіміне қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысынан 10 спортшы шосседегі велоспорт, жеңіл атлетика, грек-рим күресі, бокс, брейкинг және киберспорт түрлері бойынша ел намысын қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша Алексей Луценко велоспорттан екі алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихында Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанған алғашқы спортшы болды. Ал Наталья Богданова бокстан қола жүлдеге ие болды. V жазғы Пара Азия ойындарында өңір атынан қатысқан жалғыз спортшы Иван Залезняк ядро лақтырудан қола медаль жеңіп алды. Бұл — оның Пара Азия ойындарындағы үшінші қола жүлдесі.
Спортшыларды құттықтаған Ғауез Нұрмұхамбетов олардың жетістіктерінің маңыздылығын және спортшыларды дайындаудағы жаттықтырушылардың еңбегін атап өтті. Әрбір медальдің артында жылдар бойғы табанды еңбек, тәртіп пен спортқа деген адалдық жатыр.
Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Соңғы үш жылда осы салаға 42 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүгінде облыстың барлық аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері жұмыс істейді. Петропавл қаласында көпфункционалды мұз кешенінің құрылысы басталды. Инклюзивті спорт орталығы мен «QYZYLJAR JENIS JUDO» дзюдо орталығының жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 50 метрлік бассейні бар әмбебап спорт аренасы мен футбол академиясы бар жабық футбол аренасын салу жоспарланған.
Спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасау, жас таланттарды қолдау және бұқаралық спортты дамыту – өңір жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

