Президенттің Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуі шегерілді
15 тамызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездеседі деп жоспарланған болатын. Бірақ бұл іс-шара кейінге шегерілді. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты.
Zakon.kz-тің жазуынша, Б. Уәли Президенттің Париж Олимпиадасының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесуі не себепті кейінге шегерілгенін түсіндірді.
— Өздеріңізге белгілі, Президент кеше Париж Олимпиадасының жүлдегерлері мен бапкерлер құрамын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрама мүшелерімен бүгін кездесуді жоспарлаған болатын. Өкінішке қарай, атлеттер мен жаттықтырушылардың жартысынан коронавирус инфекциясы анықталды. Сол себепті кездесу кейінге шегерілді. Спортшылар мен бапкерлердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз, — деді ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Олимпиада жүлдегерлерін міндетті түрде қабылдайды. Кездесу тамыз айының соңында Ақордада өтеді деп жоспарланып отыр.