Тайыншада 4 қарақшы 640 мың теңгенің дүниесін қолды еткен
Тайынша ауданында тұрғын үйлердің біріне баса-көктеп кірген бәзбіреулер құны 640 мың теңгенің дүниесін ұрлап кеткен. Полицияның мәліметінше, қылмыс тамыздың 9-на қараған түні жасалды.
СҚО ПД ақпаратына сәйкес, белгісіз адамдар 41 жастағы ауыл тұрғынының үйіне кіріп, оны және 12 жасар жиенін скотчпен байлап, үйдегі бар ақшаны, екі ұялы телефонды және алтын бұйымдарды қолды қылған. Қылмыскерлер үйден шығып кеткеннен кейін бала жақын маңдағы учаскелік полиция инспекторының үйіне барып, болған жағдай туралы хабарлаған. Полицияның барлық күштері дереу күдіктілерді іздеуге жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары есепте тұрған адамдарды тексеріп, ауылға кірген бөтен көліктер туралы ақпарат жинайды.
— Нәтижесінде күдікті ретінде өңірдің және көрші Ақмола облысының 30 бен 38 жас аралығындағы төрт тұрғыны анықталды. Тайынша ауданының полиция бөлімі және криминалдық полиция басқармасының жедел қызметкерлері оларды Астана қаласының аумағынан ұстады. Қазіргі уақытта айыпталушының үшеуі қамауға алынды. Ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленді. Қазіргі уақытта тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, — дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Күдіктілердің қарақшылық шабуыл жасағаны дәлелденген жағдайда сот үкімімен олар 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.