«Ринг патшасы — 2024»: Жеңімпаздар анықталды
Петропавлда бокстан ардагер-спортшылар арасында «Ринг патшасы» турнирі өтті. Биылғы додаға 43 былғары қолғап шебері қатысуға ниет білдірді. Олардың тек санаулысы ғана ақтық сынға жолдама алды.
Дәстүрлі жарыс алты салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылды. Осы жолы турнирге елімізден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мен Израильден боксшылар қатысты. Финалдық жекпе-жектер Конституция күнінде өтіп, шаршы алаңға алдымен 63 килограмда бақ сынаған үздік жұп шықты. Ресейдің Омбы қаласынан келген Зинат Жандыбаев алматылық Дмитрий Ковальчукпен қолғап түйістірді. Жеңіс омбылық спортшыға бұйырды.
69 килограмда атыраулық Әнуарбек Бекімбетов чемпион атанса, 75 килограмда жеңіс қарағандылық Стельян Аврамидийге бұйырды. 81 килограмда тағы Қарағанды қаласының өкілі Рустам Парманов жеңіс тұғырына көтерілді.
Жартылай ауыр салмақ саналатын 91 килограмға дейінгі санатта Жаңаөзен қаласынан келген Марат Өтегенов алматылық Хамзат Гелисхановтан айласын асырды. Өткен жылы Алматы қаласының ардагер-боксшысы бұл турнирде чемпион атанған болатын.
Турнирдің көркін қыздыра түскен 91 килограмнан жоғары салмақта алыптар айқасында қостанайлық Виталий Севастьянов тараздық Нұрсұлтан Бәкібековті қапы қалдырды. Былтыр да Қостанай қаласының өкілі «Ринг патшасы» жарысында жеңіске жеткен болатын.
Жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен чемпиондық белбеулер табысталды.