Ақжар ауданында Мәдениет үйі пайдалануға берілді
Ақжар ауданындағы Горьковское ауылында жаңа салынған Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Түтіні түзу ұшқан ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
Жаңадан ашылған Мәдениет үйінде ауылдың дарынды өрендері өз өнерлерін шыңдауға мүмкіндік алады. Енді мұнда концерттер де жиі өтетін болады. Өйткені бұл ауылда бұрын-соңды мұндай мәдени нысан болмаған. Ал ән мен жыр, биге құштар жастар өз өнерлерімен тұрғындарды қуантуға асық.
Мемлекеттің қолдауымен Горьковскоеде ашылған Мәдениет үйінің құрылысына 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Қазір мұнда 700-ден астам адам тұрады. Бұдан бөлек тұрмысы тұғырланған, келбеті кемелденген елді мекенде тұрғындар үшін саябақ пен қоныс аударушыларға жаңа үйлер салынып жатқанын да айту қажет. Мәселен, 2021 жылдан бері аталмыш ауылда 20-ға жуық үй тұрғызылған. Горьковское ауылының 5 шақырым жолы қалпына келтіріліп, жаңадан асфальт төселді. Осындай берекесі тасыған ауылдан тұрғындар да кеткісі келмейді.