«Қызылжар су» ЖШС еске салады: Петропавлда су болмайды
Петропавлда 21-22 қыркүйек күндері су беру тоқтатылады. «Қызылжар су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы аралықта техникалық жұмыс жүргізіп, су желісін қысқа әзірлемек.
«Қызылжар су» кәсіпорны баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда су беру 21 қыркүйек күні сағат 00:00-де тоқтатылып, 22 қыркүйек күні сағат 18.00-де қосылады. Осы аралықта сумен жабдықтау желілерін жуу және дезинфекциялау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілмек.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыс тұрғындарды сапалы сумен қамту үшін қажет. Уақыт өте келе құбырларда тұнба пайда болып, патогенді микроағзалармен ластануы мүмкін.
1,5 тәулік бойы судың болмауына байланысты тұрғындар мен қала қонақтары ауыз су қорын жасағаны дұрыс. Өйткені желілерді профилактикалық жуу кезінде краннан немесе су колонкаларынан суды ішуге және тамақ дайындауға пайдалануға тыйым салынады. Бұл суды тек тұрмыстық мақсатта – үй жинап, кір жууға ғана қолдануға болады.
«Қызылжар су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Петропавл тұрғындары арасында 95 259 абоненті бар. Бұдан бөлек қаладағы барлық 3790 кәсіпорын осы компанияның қызметіне жүгінеді. Халық айына 4931 мың м3 су тұтынады, бұл барлық көлемнің 75 пайызы, қалғаны заңды тұлғаларға тиесілі.