Петропавлда синтетикалық есірткілерді зерттейтін орталық ашылды
Петропавлда синтетикалық есірткінің құрамын зерттейтін орталық ашылды. Зертхана 24 сағат ішінде тыйым салынған зат бойынша қорытынды бере алады.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сот сараптамасы институтының мәліметінше, жаңа зертхана есірткіге қатысты қылмыстық істерді тезірек ашуға септігін тигізбек. Өйткені бұрын синтетикалық есірткі екенін растау үшін мамандар оны Көкшетауға немесе Астанаға жіберуге мәжбүр болған.
— Әзірге тестілеу режимінде жұмысты бастадық. Синтетикалық есірткілерді өзімізде анықтау арқылы тергеушілердің жұмысын жеңілдетеміз. Зертханада екі сарапшы болады, тағы екеуі құрылғылармен тікелей жұмыс істейді. Олар қазір біліктіліктерін арттырып жатыр, — дейді СҚО бойынша сот сараптамасы институты директорының орынбасары Мәдина Андосова.
Мамандар бір нысанды зерттеуге 20 минут жұмсамақ. Ал жалпы сараптама қорытындысы 24 сағат ішінде беріледі.
— «Газды хроматограф» деп аталатын құрылғы есірткі затындағы қоспалардың түрін көрсетеді. Жалпы бізге түскен препарат үш кезеңдік сараптамадан өтеді. Синтетикалық есірткі бірнеше қоспадан және кейбірінің мөлшері тым аз болса да осы жабдықтардың арқасында біз есірткі жайында толық ақпарат аламыз. Синтетикалық есірткілердің түрлері жылдан-жылға көбейіп жатыр. Барлық әдістердің жиынтығы нәтижесінде біз жалпы қорытындыға келеміз, — дейді есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын зерттеу жөніндегі бас сарапшы Руслан Шәріпов.