СҚО-ға жұмыс сапарымен келген вице-премьер Серік Жұманғарин орақ науқанымен танысты
Солтүстік Қазақстан облысына екі күндік жұмыс сапары аясында вице-премьер Серік Жұманғарин мен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов егін орағы науқанының барысымен танысып, шаруалармен кездесті, ет комбинатын, элеваторды және Солтүстік Қазақстан тәжірибе стансасын аралады.
Вице-премьер қытайлық инвесторлардың қатысуымен құрылған «Меmolux» ЖШС астық өңдеу кәсіпорны мен «Тайынша Май» ЖШС майлы дақылдар өңдеу зауытында болды. Қытайлық корпорация Сиан қаласында логистикалық және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу паркін салды. Жақын болашақтағы жоспарларға Солтүстік Қазақстанда қазақстандық өнімді Қытайға жеткізу үшін осындай кәсіпорын құру кіреді.
Сондай-ақ, Серік Жұманғарин облыс диқандарымен «Астық STEM» ЖШС егістік алқабында кездесіп, егін жинау науқаны мәселелерін талқылап, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты. Сондай-ақ орақ процесінде туындайтын мәселелерді шешу жолдары да қарастырылды.
Бүгін вице-премьер «Avagro» ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорын мен «Зенченко и К» сүт зауытының, Қызылжар мен Есіл аудандары шаруашылықтарының жұмысымен танысты.