Жастар есірткіге қарсы
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері еріктілермен бірге есірткі сататын интернет-дүкендердің мекенжайлары жазылған тақтайшаларды бояу бойынша кезекті акция өткізді. Акция Петропавл қаласының шеткі аудандарының бірінде өткізіліп, елуден астам жазба боялды.
Акция барысында жергілікті кәсіпкер полицейлерге жүгініп, оның дүкенінің сыртында тұрған бейнекамера есірткі граффитиін салу процесін түсіріп алғандығын айтқан. Осы жазбаның арқасында Жамбыл облысының 22 жастағы тұрғыны жедел түрде анықталып, ұсталды. Ол жақында қалаға келіп, 40-қа жуық граффити жасап үлгерген.
Күдіктінің жалдамалы тұрғын үйін тінту барысында бояу құтыларынан басқа 160 грамм «мефедрон» және «α-PvP» синтетикалық есірткісі, электронды таразы, буып-түю материалдары табылған Қазіргі уақытта жас жігіт қамауға алынды.