Стартап-жобалар байқауына қатысқандар ақшалай сертификаттарға ие болды
Петропавлдағы Достық үйінде дарынды жастарды анықтау, олардың бастамаларын қолдау және облыстың әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуге жұртшылықты тарту мақсатында қала жастары арасында стартап-жобалар байқауы өтті. Іс-шараны «Қоғамдық келісім» мекемесі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырды.
Стартап-жобалар конкурсына қатысуға 8 қатысушы өтінім берді. Белсенді жастар қатарында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің, Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенттері мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары бар. Барлық қатысушылар жиналғандарға өз жобаларын таныстырды.
Биылғы байқаудың жеңімпаздары А.Қабиден, А.Шерстобитов, А.Мұхамеджанов, А.Ғалымжан, А.Исақаев, А.Баграмова, А.Игілік және Б.Серғалиге 50 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Байқауға қатысушылардың ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ.
Қазылар алқасының мүшелері жобаларды дайындаған жастарға шығармашылық идеялары үшін алғыс айтып, алға қойған мақсаттарына және жаңа шығармашылық жетістіктерге қол жеткізулеріне тілектестік білдірді.