«Құлагер» жеңілістің ащы дәмін татты
Жерлестеріміз шайбалы хоккейден ел біріншілігінің кезекті турының ойынын Өскеменде «Торпедо» командасына қарсы өткізді. Бұл матчта мұз айдынының иелері айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Ойын басталысымен құлагерліктер шабуылдауға кірісіп, кездесудің алғашқы шайбасын қарсылас қақпасына дөп кіргізді. Оның авторы – Денис Недилько. Араға он минут салып, «Торпедо» хоккейшілері таразы басын теңестіріп, нәтижелі соққы Владимир Гребенщиковтың атына жазылды.
Екінші кезеңде мұз айдынының иелері «Құлагер» клубының қақпасына тағы бір шайбаны дәл көздеді. Кездесудің үшінші бөлімінде де өскемендік ойыншылар мергендік танытып, екі бірдей нәтижелі соққы жасады. Қорытынды есеп 4:1, жеңіс «Торпедо» командасына бұйырды.