СҚО-да полицейлер күдіктіден ішінде есірткі бар 190 түйіншек тәркіледі
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 28 жастағы петропавлдықтан аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі тәркіледі. Ол Жұмабаев көшесінде ұсталды.
Жеке тінту кезінде тәртіп сақшылары оның қалтасынан дозаларға бөлінген α-PvP есірткісі салынған 190 түйіншек тауып тәркіледі.
Күдіктінің жалдамалы пәтерінен «синтетика» салынған пакет, сондай-ақ буып-түюге арналған электрондық таразы, «зиплок» пакеттері, изолента, жазбалары бар дәптер, сондай-ақ АҚШ доллары мен Түрік лиралары тәркіленді. Күдіктінің айтуынша, ол шетел валютасын «коллекциялаған».
— Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 205 грамнан асты. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Бұл шамамен бір реттік 1200 доза – нашақорлыққа бүкіл мектепті тарту үшін жеткілікті. Қазіргі уақытта ұсталған адам қамауда. Өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде есірткіні сақтағаны үшін ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, — дейді СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Асқар Мұхаметқалиев.