Биыл Петропавлда 30 аула жаңарды
Облыс орталығында аулаларды абаттандыру ісі кешенді түрде жүргізіліп, бүгінге дейін 30 ауладан тұратын 9 аумақ қамтылды. Жобалау кезінде балалар мен ересектердің мүдделері бірінші кезекте ескеріліп, көпбейінді ойын алаңдары мен демалыс орындарына басымдық берілген.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Хименко көшесіндегі ауланы аралап, атқарылып жатқан шаралармен танысты. Аулаға асфальт төселген, автотұрақ пен жарық шамдары орнатылған, футбол, баскетбол, балалардың ойын алаңқайлары бар. Бұған дейін бұл жұмыстар жеке-жеке атқарылып келсе, бұдан былай абаттандыру «кілт» тапсыру тәртібімен жүргізіледі.
Сондай-ақ «Бірлік» шағынауданында үш балалар және спорт алаңы, Жұмысшылар кентінде бір кешен жұмыс істейді. Жалпы бас шаhарда 596 ауланың 254-і әлі де жаңартуды қажет етеді.
— Нақты тапсырмалар жүктелді, қаражат жеткілікті. 5 жылдың ішінде барлық аулаларды қалпына келтіріп, тұрғындарға жайлы жағдай жасау міндеті тұр, – деді Ғауез Торсанұлы.