Инсультті қарттар ғана емес, жастар алады
Көпбейінді облыстық ауруханада Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай іс-шара өтті. Ашық есік күні аясында облыстық ауруханада невропатолог дәрігерлер науқастарды тегін қабылдады. Өзге де мамандар емделушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында тұрғындарға инсульт кезінде миға қанның кетіп, қан айналым жүйесінің бұзылатыны түсіндірілді. Дәрігерлердің айтуынша жоғары қан қысымы, қант диабеті, холестериннің көбеюі, семіздік, физикалық белсенділіктің болмауы, темекі шегу және алкогольді шамадан тыс тұтыну қауіпті ауруға душар етеді.
Бүгінде әлем бойынша инсультке шалдығу көрсеткіші жоғары. Аталмыш ауру салдарынан орын алатын өлім-жітім де көңіл көншітпейді. Өкінішке қарай мамандар аурудың жасарып келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Сондықтан Ашық есік күнінде ақ халаттылар тұрғындарға бұл дерттің алдын алу үшін өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге кеңес берді. Шарада арнайы жадынамалар таратылып, бейнероликтер көрсетілді.