Өңір жолдарында 20 мас жүргізуші ұсталды
Өткен демалыс күндері СҚО полицейлері спирттік ішімдік ішіп алып көлікті тізгіндеген жүргізушілерді ұстады. Ережені бұзғандар «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.
Профилактикалық шараға 350-ден астам полицей жұмылдырылды. Тексеру жұмыстары барысында 20 мас жүргізуші анықталды.
– Мас күйде көлік жүргізгендер қозғалыстың басқа қатысушыларына қауіп төндіреді. Жыл басынан бері облыс жолдарында мас жүргізушілердің кінәсінен 18 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан бір адам қаза тауып, 24 адам жарақаттанды. СҚО ПД басшылығының тапсырмасы бойынша мұндай жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыс ұдайы жүргізіліп тұрады, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Іс-шара барысында полицейлер жол жүрісі қағидаларының 800-ден астам түрлі бұзушылығын анықтады.