Жарияланған күні: 24.07.2025
Петропавлда құрылыс нысандары тексерілді
Солтүстік Қазақстан облысының орталығында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жаңа балабақша салынуда. Жоба құны 1,9 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 40 пайыздан астамы аяқталды.
Бұл маңызды әлеуметтік жобаны «Основание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Жоба 2023 жылдың тамызында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, құрылыс 2025 жылдың ақпанында басталған болатын.

Жобаның сапасы мен барысымен танысу үшін «AMANAT» партиясы СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының мүшелері құрылыс алаңында болды. Мердігер компанияның өкілдері шаруаның мерзімге сай жүзеге асырылып жатқанын және құрылыс барысында ешқандай қиындық туындамағанын атап өтті.
«Основание» ЖШС өкілдері жұмыс кестесіне сәйкес құрылыстың сапалы әрі уақытылы аяқталатынын жеткізді. Ал партиялық бақылау комиссиясы жұмыстың барысын үнемі бақылайды.
Жаңа балабақша балаларға арналған заманауи жағдайларды қамтамасыз етіп, облыс орталығындағы білім беру саласының дамуына үлкен үлес қосады.Бұл жобаның іске асуы жергілікті тұрғындар мен әсіресе балалар үшін үлкен жаңалық болмақ.

