Жарияланған күні: 28.07.2025
Мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлерге заңсыз айыппұл салды
СҚО прокурорлары кәсіпкерлердің құқықтарын мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз әрекеттерінен қорғады. Аққайың, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласы мемлекеттік кірістер басқармаларының лауазымды тұлғалары кодекс талаптарын бұза отырып, прокурордың келісімінсіз өңірлік пулға кіретін инвесторларға қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы 17 іс қозғады. Олар «Птицефабрика «Северный бройлер» ЖШС, «Бүркіт» ӘКК ӨК, «АТМ Petropavlovsk Hospital» ЖШС-ге қатысты болды.

Прокуратура мәліметінше, осы сынды құқықбұзушылықтар Жамбыл, Мамлют, Тайынша және де М.Жұмабаев аудандарында тіркелді. Белгілі болғандай, тиісті өкілеттіктері жоқ мемлекеттік кірістер органдарының мамандары кәсіпкерлерге қатысты 30 әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады, ал Кодекстің талаптарына сәйкес аталған істерді қарау және жаза қолдану тек мемлекеттік кірістер органдарының басшыларына, олардың орынбасарларына не осыған тиісті бұйрықпен уәкілеттік берілген өзге де лауазымды тұлғаларға ғана беріледі.
Ал Ғ.Мүсірепов ауданында мемлекеттік кірістер Басқармасы басшысының орынбасары ескіру мерзімі өткеннен кейін ӘҚБтК-нің 92-1-бабы (міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін) бойынша кәсіпкерді жауапқа тарту туралы заңсыз қаулы шығарды.
— Прокурорлық қадағалау актілері бойынша барлық заңсыз шешімдердің күші жойылды, істер бойынша іс жүргізу тоқтатылды, кінәлі лауазымды адамдар (оның ішінде басшылар) тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде үш инвесторды қоса алғанда, 25 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. 2025 жылдың 6 айында қадағалау актілері бойынша 700-ден астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды, жауапкершіліктің әртүрлі түрлеріне 30 лауазымды тұлға тартылды, — делінген СҚО прокуратура мәліметінде.

