Жарияланған күні: 14.10.2025
Қала тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарда болуы керек
Петропавлда «AMANAT» партиясы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейд ұйымдастырды. Акция барысында ашық люктер, электр қондырғылары және балалар мекемелеріндегі терезелердің жағдайы тексерілді.

Партия өкілдері әсіресе қала шетіндегі аудандарға назар аударды. Мұнда құдық қақпақтарының ұрлануы жиі кездесетіндіктен, ашық люктер тұрғындар үшін үлкен қауіп төндіреді.
— Қайғылы жағдайды күтіп отырмай, алдын алу шараларын күшейтуіміз керек. Әр адам қауіпті байқаса, жауапты мекемелерге дереу хабарлауы тиіс, – деді қалалық мәслихат депутаты Тимур Жұманов.
Рейд кезінде аулалардағы электр қондырғылары да тексерілді. Бұл құрылғылардың дұрыс жұмыс істемеуі өрт қаупін арттырады. Балалар қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында мектептер мен балабақшалардағы терезелерге орнатылған құлыптар мен бекіткіштердің бар-жоғы қаралды.
-Біз ата-аналарға терезе де қауіп көзі болуы мүмкін екенін еске салғымыз келеді. Балаларға мұқият болу – ортақ міндет, – деді партия белсенділері.
Алдағы уақытта «AMANAT» партиясы осындай бақылау жұмыстарын жалғастырып, анықталған мәселелерді тиісті органдарға жеткізетін болады.

