Қала мектебінде «Жас сақшы» сыныбы ашылды
Петропавлдың Береке шағынауданындағы №29 жалпы білім беретін мектепте «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Бұл ҚР ІІМ бастамасына қосылған өңірдегі төртінші оқу орны. Сыныптың ашылу салтанатына өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов қатысты.

Осы жолы «Жас сақшы» полицейлік бағыттағы жаңа сынып «Береке» шағын ауданындағы білім ұясында ашылды. Бұған дейін, бұл бастамалар Петропавл қаласының екі мектебінде және Шал ақын ауданындағы Сергеевка ауылында орналасқан академик Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияда жүзеге асырылған болатын.
— Бұл бастама жасөспірімдерді отансүйгіштікке, жауапкершілікке, тәртіпке және заңды құрметтеуді үйрететін маңызды жоба болып табылады.
«Жас сақшы» сыныбы оқушыларға құқық негіздерін терең меңгеруге, полиция қызметінің ерекшеліктерімен жан-жақты танысуға, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздіктің қалай қамтамасыз етілетінін түсінуге мүмкіндік береді6 — деді СҚО әкімі.
Салтанатты іс-шараға педагогтар, оқушылар мен ведомство ардагерлері қатысты. Жиын барысында облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов мектеп ұжымының бірқатар мамандарын алғыс хатпен марапаттады. Айта кетейік, жаңадан ашылған бұл сыныптың құрамына 20 оқушы кіреді.

