Петропавлда салынып жатқан баспана бұзылады
19-шы шағынауданында жаңа тұрғын үйдің құрылысы биыл басталған болатын. Белгілі болғандай, баспана рұқсат құжаттарсыз заңсыз тұрғызылып жатты. Бұған дейін, жергілікті аумақта тұратын азаматтар құрылысқа қарсы шыққан. Сол себептен бірнеше мәрте жұмыстар тоқтатылған еді.
СҚО сотының мәліметінше. облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы Назарбаев көшесі, 329А учаскесінде тұрғызылып жатқан нысанды бұзуды талап етіп отыр. Құрылысқа жауапты жеке кәсіпкер А.Беспалов сыртқы инженерлік желілерсіз және жобалау-сметалық құжаттамасыз құрылысты жүргізген көрінеді. Техникалық және авторлық қадағалау болмаған. Тиісті органды құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуді бастағаны туралы ескертпеген.
Сондай-ақ көрші үйдің тұрғындары шағымданып, құрылыстың тым жақын жүргізіліп, ара қашықтықтың 20 метрге жетпейтінін айтқан. Тексеру кезінде ғимараттың 1–2 қабаты тұрғызылып қойғаны белгілі болды. Бұл фактілер бойынша кәсіпкер Әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапқа тартылып, айыппұлдарды төлеген.
Кейін тиісті орган құрылысты тоқтатқанына қарамастан, нысанда жұмыстың жалғасып, қазандағы қайта тексеріс кезінде үйдің 4–5 қабатқа дейін көтерілгені тіркелді. Осы дерек бойынша тағы бір әкімшілік хаттама толтырылды.
Кәсіпкер өз кезегінде бастапқыда жіберілген заңбұзушылықтар тек айыппұл салуды көздейтінін, ал толық бұзу заңда қарастырылмағанын айтты. Оның сөзінше, ол барлық тиісті құжаттарды кешіктіріп болсын әзірлеген.
Сот кейін жасалған құжаттар бастапқы заңбұзушылықты жоймайды деп таныды. Нәтижесінде А.Беспалов өз қаражатына коммерциялық үй-жай мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенін толық бұзуға міндеттелді.

