Петропавлда балаларды тамақтандыру мәселесі талқыланды
Мектептердегі асханаларды қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер әлі күнге дейін ыстық тамақтың құны өсетінін не өспейтінін білмей отыр. Аталған мәселе Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, талапқа сәйкес бастауыш сынып оқушыларына арналған тамақтану құны 747 теңге болуы тиіс. Бірақ, бұл бағаны мемлекеттік органдар мақұлдамаған.
— СҚО-да бағаны барынша азайттық. Өңірлердің басым бөлігінде бұл мәселе шешілген. Мысалы, ШҚО-да әкімдікпен бірлесіп тамақ құнын 804 теңгеге бекіттік. Республика бойынша орташа баға 800 теңгеден басталады. Бұрын мәзірді арзандатуға болатын, ал жаңа стандарт бойынша бұл мүмкін емес, — дейді “Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығы” РБ вице-президенті Марина Лаптаева.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Үкенова жаңа стандартты енгізуге қажет бюджет көлемі алдын ала қоғамдық кеңес пен тұрақты комиссияда мақұлданғанын айтты. Оның сөзінше, алда тек бір қадам қалған. Ол облыстық мәслихаттың өтінімді бекітуі болып табылады.
— Облыс мектептеріне жаңа мәзірді енгізу үшін алдын ала есептеулер жүргізілді. Алдағы күндері біз прокуратура, Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, арнайы жұмыс тобын құрып, кеңес өткіземіз. Соның нәтижесінде қандай бағаны бекітетініміз анықталады. Мәслихат отырысы 8 желтоқсанда өтуі тиіс еді, бірақ кейінге шегерілді, — СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Үкенова.


