Петропавлды безендіруге жергілікті бюджеттен ақша бөлінбейді
Өткен жылдағыдай биыл да Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Петропавлды безендіруге бір тиын да бөлінбейді. Осылайша, қала бюджеті үнемделетін болады.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Жаңа жыл мерекесін атап өтудің тұжырымдамасы бекітіліп отыр. Осы жолы мейрам «қысқы ертегі» стилінде аталып, қаламызда 10 арнайы алаң пайда болады. Мерекенің символы шырша екі бірдей алаңда бой түзейді. Бірі қалалық, екіншісі облыстық әкімдіктердің алаңдарында орнатылады.
– Қалалық әкімдік алдындағы алаң негізгі отбасылық демалыс орталығына айналады. Мұнда мұз айдыны құйылады. Сондай-ақ келер жылдың белгілері бар жарық шамдары қойылады. Аяз Ата мен Ақшақар мүсіндері, түрлі фотоаймақтар, шағын сәулет құрылымдары орнатылады. Үлкен сырғанақ жасау да жоспарланған. Облыстық әкімдік алдындағы алаңда шыршадан бөлек декоративтік композициялар, жәрмеңке аймақтары, үлкен сырғанақ орналасады, — деді Петропавл әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.
Бұдан бөлек, «Бірлік» шағын ауданындағы саябақта, «Пестрое» көлі аумағында да үлкен сырғанақтар пайда болады. «Береке» шағын ауданы да жаңа жылға орай безендіріліп, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйламақ.


