Петропавлда Заречный кентінің тұрғындарына пәтер кілттері табысталды
Биыл көктемгі су тасқыны кезінде бірнеше үйдің жертөлесі су астында қалды. Табиғи апаттан зардап шеккендердің дені Заречный кентінің тұрғындары екен. Осы орайда, Петропавлда аталмыш мөльтек ауданның халқына жаңа баспананың кілттері берілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары қатысты.

Тәуелсіздік күнінде 40 отбасы баспаналы болды. Ол «Жас өркен» шағынауданында орналасқан. Қоныс той иелерін облыс және қала басшылығы құттықтады. Жаңа үйді «Зерттеу СК» ЖШС тұрғызды.
— Жылдың соңына дейін тағы 50 отбасыға баспана беру жоспарланып отыр. Олар да Заречный кентінің тұрғындары екенін айтқым келеді. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Қазіргі уақытта 72 пәтерге шақталған баспананы тұрғызып жатырмыз. Ол Уәлиханов көшесінде орын тепкен, — деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.

Бұдан бөлек, 117 пәтерлі үйді тұрғызу жоспарда бар. Бүгіндері нысанның жобалық-сметалық құжаты дайын. Алдағы болжам бойынша жаңа қоныс 2026 жылдың күзінде пайдалануға беріледі.

