Петропавлда құрылыс қарқыны артты
2025 жылға арналған тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары шамамен 210 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде үш бюджеттік тұрғын үй, 15 коммерциялық үй және 57,6 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы бар.
Қала әкімінің ақпаратына сәйкес, соңғы 11 айдың ішінде Петропавлда 154,1 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілді. Үш бюджеттік үй, жалпы аумағы 58,5 мың шаршы метр болатын тоғыз коммерциялық үй, 667 пәтер және 57,6 мың шаршы метр жеке тұрғын үй салынды.
Жыл соңына дейін тағы 412 пәтерден тұратын, жалпы аумағы 55,5 мың шаршы метр болатын алты коммерциялық тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр.
— 2026 жылы бес көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Оның ішінде Береке шағын ауданында 98 пәтерлі екі үй, Заводская көшесі – Жамбыл көшесі– Крепостная – Әуезов көшелері аумағында 140 және 105 пәтерлі екі үй бар. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Крепостная көшелерінің қиылысында орналасқан 180 пәтерлі тұрғын үй бар, — деді қада әкімі Серік Мұхамедиев.
Қалада әлеуметтік нысандардың да саны артып келеді. Өткен жылы Орман шағын ауданында 600 орындық №28 мектеп пайдалануға берілді. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Береке шағынауданында №29 мектеп өз жұмысын бастады. Сонымен қатар Жас Өркен шағын ауданында 280 орындық балабақша ашылып, бүлдіршіндерді қабылдады. Ал Орталық шағын ауданында дәл осындай 280 орындық тағы бір балабақшаның құрылысы жалғасып жатыр.

