Облыста 26 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінде сақтандырылады
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ халықтың әлеуметтік осал топтарына жеңілдік жасамақ. 2026 жылдан бастап, облыста D және E категориясына кіретін азаматтар жергілікті атқарушы билік органдары арқылы қаржыландырылады. Бұл тақырып өткен жылы көтеріліп, биыл жүзеге аса бастады.
Облыста МӘМС үшін жарналарды өз бетінше төлей алмайтын тұрғындар бар, салдарынан оларды медициналық қызметпен қамту мүмкін болмады. Биыл дағдарыстық және шұғыл санаттарға жататын адамдар, яғни D және E санаттарындағы адамдар, сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар жергілікті атқарушы органдар есебінен медициналық қызметтерді алады. Бұл туралы тілшіміз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ директоры Айнагүл Давлетчинаны әңгіме тартып, жауап алды.
— Осал топтар үшін жарналарды жергілікті әкімдіктер осы азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша төлейді.
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында халықтың әлеуметтік осал топтарына – 26 312 адам, оның ішінде D санатында – 19 872 және Е санатында – 6440 адам жатады. Сондай-ақ, облыста ресми түрде 4 650 жұмыссыз тіркелген, — деді филиал директоры.
Филиал директоры сақтандыру мәртебесіне қатысты тұрғысында да өгерістер жайында сөз қозғады.
– МӘМС жүйесінде жарналарды қатарынан кемінде бес жыл төлеген азаматтар енді төлем тоқтатылғаннан кейін алты ай сақтандырылған мәртебесін сақтай алады, бұрын ол 3 ай болатын. Алайда, осы өткізіп алған айлар үшін қарызды өтеуі қажет болады, — деді Айнагүл Давлетчина.
МӘМС аясында облыс тұрғындарына жоғары технологиялық операциялар қолжетімді екені белгілі. Өткен жылы қанша медициналық қызмет көрсетілді?
– Жоғары технологиялық операциялар жоспарлы және шұғыл түрде көрсетіледі. МӘМС жүйесі аясында әркімнің қымбат ем алуға мүмкіндігі бар. Шұғыл көмек қажет болған жағдайда сақтандырылмаған тұрғындар ТМККК, ал сақтандырылған мәртебесі барлар МӘМС есебінен ем алады.
Жыл басынан бері өңір тұрғындарына 257,4 млн теңгеге 41 жоғары технологиялық медициналық ота жасалды. Оның ішінде 155,6 млн теңгеге 25 қызме МӘМС бойынша көрсетілді. Оның ішінде 33 нейрохирургиялық, 8 каридологиялық операция жүргізілді, — деп жауап қайырды спикер.

