СҚО-да боран кезінде полицейлер 12 автоколоннаны сүйемелдеді
11 наурыз күні Солтүстік Қазақстан облысына соққан қатты боран салдарынан барлық бағыттағы жолдар жабылды. Сол сәтте тасжолдарда ондаған автокөлік болған. Олардың көпшілігіне шұғыл қызметтердің көмегі қажет болды.

Аққайың ауданының аумағында ауыл дүкендеріне азық-түлік жеткізіп келе жатқан жүк көлігі жол жиегіне түсіп кеткен. Оны трассаны тексеру кезінде СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Рүстем Испердинов анықтады. Ол жергілікті ЖШС-ға жүгініп, К-700 тракторы тартылды. Ауыр техниканың көмегімен жүк көлігі қайтадан жолға шығарылды.
Тайынша ауданында бір метрге жуық қар үйіндісінің алдында бірнеше көлік тұрып қалған. Рүстем Испердинов қызметтік жол талғамайтын көлігімен оларға жол ашып берді.
Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Мадиев Бәйтерек ауылының маңында тасжолда жаяу жүргіншіні байқап, оны Новокаменка ауылына жеткізді. Мұндай жағдайлар облыс бойынша ондаған рет тіркелді.
Патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, өзге де бөлімшелердің қызметкерлері, сондай-ақ аудандық полиция бөлімдерінің басшылығы мен жеке құрамы автожолдарды тексеріп, қауіпті учаскелерді анықтап, қатты жел мен нөлдік көріну жағдайында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Бір тәулік бойы тәртіп сақшылары күшейтілген кезекшілік атқарды. Бекеттерде 12 автоколонна жасақталып, сүйемелденді — олардың құрамында 520 жүк көлігі және 825 жеңіл автокөлік болды. Қолайсыз ауа райы кезінде республикалық маңызы бар автожолдарда зардап шеккендер бар жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ.


