2026 жылы Петропавл түрленбек
Облыс және қала әкімдерінің есептік кездесуінде жергілікті атқарушы билік өкілдері бірқатар жоспарларымен бөлісті. Олардың ақпараты бойынша 2026 жылы 31 көшеге орташа жөндеу жүргізу, сондай-ақ Фрунзе және Кизатов көшелерін қайта жаңғырту жоспарланған. Фрунзе көшесі бойынша жоба «Береке» шағынауданындағы көлік жүктемесін азайтып, оны қаланың орталық бөлігімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ал Кизатов көшесін реконструкциялау Бірлік-1 және Бірлік-2 жаңа шағынаудандарын дамытуға серпін береді.
Бұдан бөлек, абаттандыру жұмыстары 20 кварталды қамтиды. 2026 жылы 215 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

— Маңызды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, ТМ-2 және ТМ-15 жылу магистральдарының құрылысы жүргізілуде. Бұл тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтудың сенімділігін арттырады. 280 орындық балабақша құрылысы басталды, сондай-ақ Пестрое көлі маңында триатлон аймағы бар экопарк жобасы пысықталуда, — деді СҚО әкімі.
Бұған қоса, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті негізінде К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық мәдениет және өнер институтының өкілдігін ашу жоспарлануда. Оқу үдерісі бес мамандық бойынша ұйымдастырылып, биыл 100 студент қабылдау көзделген.
Спорт саласын дамытуға және қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Инклюзивті спорт нысанын салу, мұз аренасы мен әмбебап спорт кешенін іске асыру, сондай-ақ футбол академиясы бар жабық стадион құрылысы жоспарланған.
Қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша цифрлық мониторинг енгізілді. Қазіргі таңда 47 бейнебақылау камерасы орнатылған, биыл қосымша 400 камера орнату жоспарлануда.

