Уәлиханов ауданында өрт сөндіру бекеттері ашылды
Уәлиханов ауданының Бидайық және Ақбұлақ ауылдарында өрт сөндіру бекеттері ашылды. Салтанатты шараға СҚО ТЖД басшылығы қатысты.
Бидайық ауылындағы өрт сөндіру бекеті — жаңғыртылған ғимарат. Салтанатты ашылуға қатысқан СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин мен Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Жанна Жантілеуова таспа қиып, жергілікті құтқарушыларға жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ақбұлақ ауылында өрт сөндіру бекеті жаңа ғимаратта орналасқан. Екі өрт сөндіру бекетінің де тұтас аудан үшін маңызы зор. Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Жанна Жантілеуова жаңартылған өрт сөндіру бекеттері ауыл инфрақұрылымын жетілдірудегі маңызды қадам екенін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмысы аясында және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы негізінде Бидайық ауылындағы өрт сөндіру бекетінің әлеуеті күшейтілді. Осы орайда қызметтік автокөлік АЦ-3,2-40 кілті табысталды. Бұл қадам өртке қарсы қызметтің жеделдігін арттырып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндік береді.
Қолданысқа берілген нысандар енді тек өрт сөндіру қызметінің орны ғана емес, ауылдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосатын маңызды орталықтардың біріне айналмақ.

