Петропавлдық бойжеткен көшеде жатқан темекіден уланды
Петропавлдағы қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасына бойжеткен түсті. Қыз көшеде жатқан темекіні шегіп, басы айналып, дене дірілі байқалды.
Аурухана ақпаратына сәйкес, бойжеткеннің есірткіден уланғанын анықтаған. Оған белгісіз заттардың уытты әсері, интоксикациялық синдром және орташа дәрежедегі темір тапшылығы анемиясы диагнозы қойылды.
Науқас бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің үздіксіз бақылауында болды. Кейін тағы төрт күн терапия бөлімінде ем қабылдады. Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында оның жағдайы тұрақталып, үйіне қанағаттанарлық күйде шығарылды.
Мамандардың айтуынша, белгісіз немесе тыйым салынған заттарды қолдану арқылы денсаулық пен өмірге қауіп төнеді. Тіпті бір реттік қолданудың өзі ауыр улануға, жүрек пен тыныс алу жүйесінің бұзылуына, үрей мен бағдар мен бақылауды жоғалтуға және өмірге қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін. Өйткені мұндай заттардың құрамын ешкім нақты білмейді және ағзаның оған қалай әсер ететінін болжау мүмкін емес.

