СҚО-да жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейіп келеді
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен әкімдік отырысы өтіп, цифрландыруды дамыту мәселесі талқыланды.
Қазіргі уақытта облыстың 590 елдімекенінің 548-сі интернетке қосылған. Жыл соңына дейін 1 255 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланып отыр. 2027 жылы тағы 1 889 шақырым желі салу көзделген. Өңірдегі барлық мектеп білім беру платформаларын пайдаланады, 13 мыңнан астам педагог жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуге оқытылған. Келесі жылы 46 мектеп Ұлттық білім беру AI-платформасына қосылады.
Денсаулық сақтау саласында телемедицина мен жасанды интеллект технологиялары дамып келеді. Атап айтқанда, жаңа шешімдердің арқасында ЭКГ талдау уақыты үш минуттан 30 секундқа дейін қысқарды.
Аграрлық секторда да елеулі өзгерістер бар. Бүгінде облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 87%-ы цифрлық технологияларды қолданады. Соның бір мысалы — «Ақселеу» шаруашылығы. Мұнда заманауи шешімдер ауыл шаруашылығы техникасын тиімді пайдалануға, жанармай шығыны мен еңбек шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибеге Мемлекет басшысы оң бағасын берген болатын.
Өңірлік IT-экожүйені дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Digital Aimaq жобасы аясында ауылдарда 16 орталық ашылды. Петропавл қаласында жаңа форматтағы жасанды интеллект кеңсесі ашылды. Сонымен қатар Ғабит Мүсірепов және Тимирязев аудандарында облыстағы алғашқы цифрлық музейлер іске қосылды. Жоба аясында бүгінге дейін 7 мыңнан астам адамды қамтыған 500-ге жуық іс-шара өткізілді. Жыл соңына дейін тағы төрт IT-орталық ашу жоспарланып отыр.
Тұрғындармен цифрлық өзара байланысты кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Өңірде «SQO qyzmet» порталы, коммуналдық желілерді бақылауға арналған «Scada» жүйесі және 109 қызметі жұмыс істейді. Алдағы уақытта 109 қызметінің жұмысын аудан орталықтарына дейін кеңейту жоспарлануда. Бұл тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдап, мәселелер бойынша кері байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі 2026–2030 жылдарға арналған Цифрлық даму стратегиясын өзектендіруді, кәсіпорындарда жасанды интеллектіні, роботтандыру мен автоматтандыруды енгізу жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ «Қолжетімді интернет» жобасының уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

