СҚО полицейлері мектептер мен колледждерде қауіпсіздік тақырыбында ашық сабақтар өткізуде
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар 34 қылмыс жасаған. Оның 9-ы мүлік ұрлығына қатысты болса, 7 факті ұрып-соғу және денсаулыққа зиян келтірумен байланысты екен.
Облыс аудандарының бірінде сегізінші сынып оқушысы жеке тұрғын үйдің кіреберісінен заттар ұрлаған. Қажетті процессуалдық шаралар жүргізілгеннен кейін жасөспірім арнайы білім беру ұйымына орналастырылды. Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да осындай арнайы оқу орындарына 13 жасөспірім жіберілген. Бұл – өзге де тәрбиелік және профилактикалық шаралар нәтиже бермеген жағдайда қолданылатын ең қатаң шаралардың бірі. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін полицейлер профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде.
Тәжірибелі полиция қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысындағы барлық мектептер мен колледждерде болып, оқушыларға қауіпсіздік тақырыбында ашық сабақтар өткізуде. Кездесулер барысында әр жастағы балалардың ерекшеліктері ескеріледі. Бастауыш сынып оқушылары қауіпсіз балалық шақ тақырыбында спорттық ойындар мен шығармашылық байқауларға қатысады. Орта буын оқушыларына жанжал мен буллингтің айырмашылығы түсіндіріледі. Ал жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерімен қарым-қатынаста туындайтын күрделі мәселелер талқыланады.
Атап айтқанда, сталкинг, яғни адамның еркінен тыс соңынан аңду, шамадан тыс бақылау және қудалау белгілері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ қамқорлық пен шектен тыс бақылаудың аражігін ажырату жолдары айтылады. Оқушы зорлық-зомбылыққа тап болған немесе оның куәгері болған жағдайда не істеу керектігіне ерекше назар аударылады.
Полицейлердің айтуынша, мұндай жағдайда ең бастысы – үнсіз қалмай, дер кезінде көмекке жүгіну. Мамандарға уақытылы хабарлау ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар полицейлер профилактикалық есепте тұрған отбасылармен жұмыс жүргізіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда.
Жыл басынан бері бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 2682 ата-ана мен өзге де заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полицейлер өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қамқорлық жасау «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

