Петропавлдағы Оңтүстік Орал темір жол бөлімшесінде 3,5 мың адам еңбек етеді
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласындағы Оңтүстік Орал темір жолының бөлімшесіне барып, өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірінің жұмысымен танысты.
Теміржол саласы облыс экономикасында маңызды рөл атқарады. Ол жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз етіп, Қазақстанның өзге өңірлерімен және Ресеймен көлік қатынасын жүзеге асырады.
Көп жылдан бері Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі өңірдің маңызды серіктестерінің бірі болып келеді. Кәсіпорын бірлескен бастамаларды іске асыруға қатысып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Мұнда өңір тұрғындары үшін 3,5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар ұжым жұмысының жоғары нәтижелерін атап өткен жөн. Биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Оңтүстік Орал темір жолы теміржол ұжымдары арасындағы салалық жарыста бірінші орынға ие болды.
Сапар барысында әріптестік байланысты одан әрі нығайту және Солтүстік Қазақстан облысының көлік инфрақұрылымы мен экономикасын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.
Өңір басшысы кәсіпорын басшылығы мен ұжымына кәсібилігі, адал еңбегі және сындарлы ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.

