Балуандардың жолын ашып бердік – Ризабек Айтмұханның әкесі Қанат Жолдасбай
Кеше қазақ елі үшін, қазақ спорты үшін ақ түйенің қарны жарылған күні болды. Сербияның астанасы – Белград қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатынан желдей есіп қуанышты хабар келіп жетті.
Бұл додада еркін күрестен ұлттық құрама команданың балуаны Ризабек Айтмұхан еркін күрестен тұңғыш рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Әрине, қазақта күрестен халықаралық аренада мойындалған, құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілген талай балуандар болған. Солардың бірі деп аты аңызға айналған Қажымұқан Мұнайтпасұлын айтсақ болады. Дегенмен КСРО кезінде де одан кейінгі еліміз тәуелсіздігінің ақ таңы ағарып атқан кезден бері де күрестің осы түрінен әлем чемпионы атағын жеңіп алған балуан болған емес.
Еркін күрестен республика чемпионатының өзі 1951 жылдан бастап өткізіле бастады. Одан Қабден Байдосов Кеңес Одағының Қазақстандағы бірінші спорт шебері болды. 1955 жылы Қазақстан спорт комитетінің басшылары елімізге еркін күресті дамыту мақсатында Петр Матущакты шақыртады. Алғашқы жылдары оның секцияларына барушылар аз болғандықтан грек-рим күресіне қатысушылар да еркін күрестен бақтарын сынап көрді. Кейін Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Ахметжан Қазымбетов секілді балуандар халықаралық жарыстарда көзге түсті. Ал кешегі Ризабек Айтмұханның жеңісі – бұл қазақ елі үшін орны бөлек жеңіс десек артық айтқандық емес.
Кеше ол Белградтың төріне төселген бозкілемде қарсыластарының бәрін ұтты. Ризабек жарысты екінші айналымнан бастап, мажарстандық Балаш Юхаш пен түркиялық Фейзулла Ақтүрікті таза жеңді. Одан кейін осы салмақтағы қазіргі әлемдік рейтингтің көшбасшысы грузиялық Мириани Майсураздеден айласын асырды. Ал 92 кг дейінгі салмақтың финалында біздің балуан Әзербайжан спортшысы Осман Нурмагомедовпен күш сынасып, одан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, соңғы секундтарда жеңіске жетті. Есеп — 5:2. Бұл – ерлік! Иә, ерлік! Қарсыласынан жеңіліп жатып, жеңу деген екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік! Қазақ балуаны осылайша ерік-жігер, намыс болса тау-тасты да қопарып тастайтынын көрсетті.
Ризабек Айтмұхан Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданының тумасы. Кішкенекөл деген ауылда туған. Бұл ауылдың бұрынғы аты — Қызыл ту. Осы ауданнан Ахметжан Қазымбетов деген атақты балуан, мемлекетшіл қайраткер шыққан. Ол Алаштың біртуар тұлғалары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжановтар дүниеге келген солтүстік өңірде туып, өмірден өткен.
Бұл кісі кеңес заманында көп жыл республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамын басқарған. Замандастары бұл адамды асқан намысшыл, ұлтшыл, әділетсүйгіш адам ретінде таныған. Ол жас кезінде самбо, еркін және қазақ күресі түрлерінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, сондай-ақ одақтық деңгейдегі біріншіліктер мен турнирлерде жүлдеге ілініп жүрген балуан болған. 1963 жылы Мәскеуде өткен КСРО халықтары Спартакиадасында еркін күрестен Қазақстан құрамасы сапында белдесіп, бәсекенің алғашқы күні молдаван балуанын небәрі екі минутта ұтып, командаға алғашқы тарихи жеңісті сыйлаған.
Енді міне, Алаш ардақтыларының, одан кейін Ахметжан Қазымбетов сияқты атақты жерлесінің жолын қуып, Ризабек Айтмұхан да әлемге қазақты тағы бір рет танытты. Айтқандай, Ризабектің арғы атасы Қайырбек Тұржанұлы Жолдасбай да балуан болыпты. Ол кісі Ахметжан Қазымбетовпен жақын дос болған екен. Екеуі бір көшеде тай-құлындай тебісіп өсіп, белдескен дейді. Бұл туралы Ризабектің әкесі Қанат Жолдасбай айтты.
Бүгін Қанат Айтмұханұлын Ризабектің жеңісімен құттықтап, хабарласқанымызда ол бізге баласының тарихта алтын әріппен қашалып жазылатын үлкен жеңіске қалай келгені туралы айтып берді. Енді соны оқырманның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
— Ризабектің алтын медалі құтты болсын! Бұл бәрімізге ортақ қуаныш, қазақтың қуанышы ғой. Сіз Ризабектің жеңіске қандай термен келгенін жақсы білесіз. Енді осы жайында айтып бересіз бе?
— Біздің үйде үш ұл, үш қыз. Ұлдардың үлкені – Ризабек. Ол 19 жаста. Одан кейінгі ұлымыз – Әлішер. Ол – 18-де. Ал кенже баламыз – Атажан 1,5 жаста. Ілназ, Іңкәр, Дамиля деген қыздарымыз бар. Зайыбымның аты-жөні – Гуляр Жолдасбай. Ол мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып істейді. Қазір декреттік демалыста. Құдайға шүкір, балаларымыз еңбекқор болып өсті. «Тіл-көзіміз тасқа», солай өсіп келе жатыр. Балаларымызды кішкентай кезінен солай тәрбиелеп келеміз.
Ризабек туралы айтсам, ол бала кезінен өте еңбекқор болды. Алдына бір мақсат қойса соған жетпей қоймайды. Мен оның алғашқы жаттықтырушысымын. Өзім де ауылда жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Ризабек пен Әлішерді 8-9 жасынан бастап еркін күреске бердім. Сол кезде балаларыма: «Олимпиада, әлем чемпионы болуға тырысыңдар, соған талпыныңдар. Мақсаттарыңа жету үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасаңдар», деп айтатынмын. Олар соны санаға сіңіріп, алға қандай да бір мақсат қойсақ соған жетеміз, жетпей қоймаймыз деп өсті. Сондай бір кезде балаларым маған: «Әке, біз соңына дейін жүреміз. Кем дегенде әлем чемпионы боламыз», деп айтқаны әлі есімде.
— Ризабектің мінезі қандай еді? Кешегі күресін тағы қайталап қарасам бойында бізге көрінбейтін бір күш бар сияқты.
— Иә, жаңа Ризабектің өте еңбекқор болып өскенін айттым ғой. Ол қазір де сондай, өзіне талапшыл, еңбекқор. Қайсар мінезді, намысшыл, қандай да бір істі қолға алса соны соңына дейін жеткізбей қоймайды. Алға ұмтылады. Алға мақсат қоя біледі.
Ризабек күреспен айналыса бастаған кезден бері тәртіппен жүрді. Әлі де солай, тәртіппен жүреді. Таңертең сағат 6:30-да тұрып, жаттығады. Кешкі 22:00-де ұйықтайды. Бос жүріс, бос қыдырыс деген жоқ. Бәрі сағаттай тәртіп. Осы тәртіп пен еңбектің арқасында міне, әлем чемпионы атағын жеңіп алып отыр. Ол бала кезінен «авторитеттерді» мойындамайтын. Өзіне сенімді болып өсті. Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Бұл 9 жыл еңбектің, қара тердің арқасында келген жеңіс.
Ризабектің күреспен айналыса бастаған кездегі бір оқиғасі есімде қалыпты. Ол сағат таңғы 6:30-да тұрып, жаттығу жасап, 45 минут жүгіріп, апамның үйіне баратын. Сол үйден екі стакан сүт ішіп, қайтып жүгіріп келетін. Ол осыған дағдыланып, күн сайын қайталап жүрді.
— Ризабек қай жерде оқыды? Сізден кейін жаттықтырушылары кім болды? Қандай жарыстарға қатысты?
— 2018 жылы Астанадағы Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне оқуға түсті. Осы жерде оны өз қанатының астына мекеменің жас та болса, білікті маманы, жаттықтырушысы Самат Жақыпов қарамағына алды. Қажымұқан Мұңайтпасов спорт мектебінде оқып жүргенде Ризабек кіші жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының және Бүкіләлемдік ойындардың қола жүлдегері атанды.
2018 – 2019, 2019 – 2020 оқу жылдары Астанада көптеген жетістіктерге жетті. Сосын Ризабек 2019 жылы 10 сыныпта оқып жүріп Алматыға кетті. Мұнда «Шаңырақ» шағын ауданындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қабылданды. Осы жерде ағайынды Еркебұлан, Роллан Кешубаевтардың қарамағында жаттыға бастады. Қазір Еркебұлан Кешубаев Ризабектің жеке жаттықтырушысы. Самат Жақыпов ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы босла, Мадияр Құрамысов – бас жаттықтырушы. Эдуард Базров, Дархан Бекенов, Әлихан деген жаттықтырушылар да бар. Олардың бәрі бір команда. Бәрі талапшыл, білікті мамандар. Бір мақсатта жұмыс істейді.
Ризабек Иорданияда 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алып қалды. Иран балуанынан 4:5 есебімен жеңіліп қалды. Содан кейін біз сараптама жасап, осы әлемдік додаға дайындалдық. Енді міне, соның жемісін еліміз көріп отыр.
Ризабектің қатысқан жарыстары көп. Биыл өзі қатысқан барлық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Жылдың басында Алматыда күрестен өткен Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасында ешкімге дес бермеді. Одан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатын жеңіп алды. Екінші ұлым Әлішер де алға қойған мақсатына жету үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасайтын балуан. Ол да Ризабек сияқты менің қарамағымда жаттықты. Әлібек те өте талантты, дарынды, еңбекқор балуан. Ол кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері. Әлем чемпионататына қатысып, төртінші орын алған. Италияда Маттео Пелликоне халықаралық турнирінде күміс медаль иеленген. Әлішер де бала кезінен сағат таңғы 6:30-да тұрып, жаттығатын. Тәртіптің адамы. Ерінбей еңбектенетін. Қазір де сол қалпында. Балаларымның еңбекқорлығына ризамын. Мен олардың болашағынан зор үміт күтемін. Олар алдағы уақытта Олимпиада, әлем чемпионы болса екен деп тілеймін! Олимпиада чемпионы болатындарына еш күмәнім жоқ.
— Балаларыңыз ырымшыл ма? Оны сұрап жатқаным спортшылардың арасында бір ырымға сенетін адамдар да бар.
— Біз отбасында менен басқа Ризабек пен Әлішер бес уақыт намаз оқиды. Біз Алла тағалаға ғана сенеміз. Әбу Ханифа мазхабындамыз. Яғни, ата-бабамыздан тарап-тарам ұрпақ арқылы келе жатқан салт-дәстүрімізді сақтап, бір Алла тағалаға ғана сыйынамыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын қолдап, ұлттық мүдде жолындағы мемлекет саясатын іске асыруда қолдан келгенше еңбектеніп келеміз.
— Әңгімеңізге рахмет! Ризабек пен Әлішер биіктен көріне берсін! Өсіп келе жатқан Атажанға ағаларының жолын берсін!
— Рахмет! Біз балуандардың жолын ашып бердік. Енді қазақ балуандарының жолы әрқашан ашық болсын!