Петропавлдағы көпбейінді облыстық аурухананың зертханасы жаңа құрал-жабдықтармен толықты
Облыстың денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлінуде. Бұған дәлел, Петропавлда емдеу мекемесінің қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылуы.
Көпбейінді облыстық аурухананың бас директоры Нұрлан Аймановтың айтуынша, биыл емдеу мекемесінің клиникалық-диагностикалық зертханасы заманауи жабдықпен – Sysmex XF-1600 ағындық цитометрімен толықты.
Жаңа жабдық жоғары технологиялық зерттеулерді, атап айтқанда қан және сүйек кемігі жасушаларына иммундық фенотиптеу жүргізуді қайта бастауға мүмкіндік береді.
Бұл әдіс келесі ауруларды диагностикалау үшін қолданылады:
— Жедел лейкоздар;
— Созылмалы лимфопролиферативті аурулар;
— Көптік миелома.
Анализаторды іске қосу Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары үшін мамандандырылған диагностиканың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ биологиялық материалдарды басқа өңірлердің зертханаларына жіберу қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.

