СҚО-да 570-тен астам құқық бұзушы қоғамдық жұмысқа тартылды
Мас күйінде өзге әйелмен төбелес шығарған петропавлдық тұрғын мен анасын балағаттап, жанжал ұйымдастырған ер адам бүгінде қала аулаларын тазалап жүр. Оларға мердігер ұйым күн сайын төрт сағат ішінде орындалуы тиіс жұмыс көлемін белгілейді. Ал белгіленген уақытта жұмысқа шықпағандар қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Қазақстанда құқық бұзушыларды қоғамдық жұмыстарға тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады. Бұл – әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтарға сот шешімімен тағайындалатын жаза түрлерінің бірі. Осылайша, заңда көзделген жағдайларда құқық бұзушылар айыппұл төлеудің орнына өз еңбегімен қоғамдық орындардың тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосады.
— Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында әкімшілік құқық бұзушылықтың 692 дерегі бойынша қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Оның ішінде 576 адам жазасын толық өтеп шықты. Қалғандары қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін белгіленген міндеттерін әлі де орындап жүр, – дейді СҚО ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Александр Розбах.
Әкімшілік соттар мұндай жазаны көбіне қоғамдық орындарды ластағаны үшін тағайындайды. Жыл басынан бері осы санат бойынша 240 дерек тіркелген.
Бұдан бөлек, бір жыл ішінде қоғамдық орындарға қайталап мас күйінде келудің 168, ұсақ бұзақылықтың 164 және отбасылық жанжалдардың 118 дерегі анықталған. Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар міндеттерін қызғылт сары түсті арнайы кеудеше киіп атқарады. Олар қала көшелері мен аулаларын тазалап, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға көмектеседі.

