5 қазан- Ұстаздар күні
Биыл алғаш рет Мұғалімдер күні мерекесі 5 қазанда мерекеленеді. Тиісті қаулыны ҚР Үкіметі биыл 10 наурызда қабылдаған болатын, деп хабарлайды тілшіміз.
Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, осы уақытқа дейін республикада Мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келген еді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйтқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылы 5 қазанда атап өтілді.