Солтүстікқазақстандық Парсахан Алдияров пойыздың екі вагонын сүйреп, елді тәнті етті
Солтүстік Қазақстан облысында алып күш иесі тұрады. Аққайың ауданының тұрғыны Парсахан Алдияров ерекше табиғи қабілеті бар жан. Ол еш дайындықсыз пойыздың екі вагонын сүйреп, жұртшылықты тәнті етті, деп хабарлайды тілшіміз.
Парсахан Алдияров ата жұртын аңсап келген жандардың бірі. Ол 2000 жылдары Өзбекстаннан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударыпты. Жас кезінен ауыр затты ұршықша иіреді. Салмағы 23 тоннадан асатын вагонды еш дайындықсыз 60 метрге дейін сүйреп тастады. Өзі ауыр атлетикаға ешқашан қызықпаған. Дегенмен қара күштің иесі бұл көрсеткішпен тоқтамайтынын айтты. Ауырды бұйым көрмейін 28 жастағы азамат екі вагонды тартып көрді. Нәтижесі жаман емес. Айта кеткен жөн, Парсахан мұндай көрсеткішті бағындыру үшін еш дайындалмаған. «Трюк жасаған кезде қара күштен көрі, ептілік қажет»,- дейді ол.
«Құтқарушылар күніне орайластырығлған челлендж болды. Соған дайындық барысында менің қарауыл бастығым вагон тартып көрейік деген ой айтты. Мен өзім бұрын осында жұмыс істегем. Бұған дейін 2-3 адам болып вагонды тартып жүргенбіз. Осы жолы жалғыз өзім көрейін деп шештім. Салмақ көбінесе аяққа және алға қарай еңкейіп тартылған соң, иыққа түседі. Ең бастысы вагонды орнынан қозғалтып алу», — дейді өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Парсахан Алдияров.
Парсахан Ұлттық спорт түрлерімен айналысқанды жақсы көреді. Ал өзі бүгінгі күні өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып қызмет атқарады.
«Парсаханның бізбен бірге иық тіресіп, құтқарушы болып жүргеніне екі жыл болды. Ұжымда сыйлы. Биыл аударыспақтан облыс чемпионы болып, спорт шеберіне кандидат атанды. Жалпы өрт сөндірушілердің физикалық дайындығы мықты болуы тиіс. Сол себепті біздің жігіттер, бос уақытында спортпен шұғылданады», — дейді Аққайың ауданындағы № 9 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Асхат Бейсенбаев.
Күш атасын танымас. Енді Парсахан ауыр тракторды тартып, көпшілікті тағы бір таң қалдырсам дейді. Ал ол трюкті Тәуелсіздік күнінде жасамақ ниеті бар.