Жолдағы бақылау күшейтілді: Өңірде тестілеу режимде жұмыс істеген «Кибер — шериф» жүйесі толықтай іске қосылды
Солтүстік Қазақстан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Кибер-шериф» жүйесі іске қосылды. Ол ережеге бағынбайтын жүргізушілерді бірден анықтайды. Кешеннің көмегімен айналасы бір сағаттың ішінде жылдамдықты асырған 5 азаматқа айыпппұл салынды, деп хабарлайды тілшіміз.
«Кибер- шериф» деп аталатын мобильдік ақпараттық– бағдарламалық кешен енді өңірдегі жолдарда ереже бұзғандарды анықтайды. Екі апта уақыт тестілеу режимінде жұмыс істеген жүйе тиімділігін көрсетті. Мамандардың айтуынша бұл жобаның артықшылығы өте көп. Мәселен көлікті рұқсат етілмеген жерге қойсаңыз, жылдамдықты арттырып, жолдың қарсы бағытына шығып ереже бұзсаңыз бірден айыппұл арқалайсыз. Тіпті алимент, салық төлеуден жалтарып жүргендер де енді жазадан құтыла алмайды. Себебі ақылды жүйе жол бойын 360 градус бақылауға мүмкіндігі бар. Айналасы бір сағаттың ішінде ол 5 бірдей ереже бқхған жүргізушіні анықтады.
Ақылды жүйе көліктің ішімен айналасында болып жатқан жағдайды аудио және бейне жазбаға түсіріп, таспалайды. Әрі оны жедел басқару орталығындағы мамандар онлайн бақылай алады.
«Кешен толықтай автоматтандырылған. Оның жұмысына біз араласа алмаймыз. Егер азамат ереже бұзса, оны тіркеп, айыппұл хаттамасын жібереді. Біз тек көлік қозғалысы көп жолдарда патруль жасаймыз. Қалған жұмысты жүйе өзі атқара береді», — деді облыстық ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы Азамат Букуев.
Былтыр облыс жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 28 ақылды камера ортатылды. Бір жылдың ішінде олар 70 мыңнан астам заң бұзушылықты тіркеді. Ережеге бұзғандарға 500 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
«Биыл екі арнайы мобильді кешен алдық. Алдағы уақытта енді оған сараптама жүргіземіз. Егер жүйе тиімділігін көрсетсе, болашақта мұндай құрылғылардың санын арттыруға ниеттіміз»,- дейді облыстық пд әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Жол сақшылары «Кибер-шериф тақтайдай жолмен зулайтын жүргізушілерді тәртіпке салады» деген пікірде. Себебі өңірде жол көлік оқиғасы азаймай тұр. Биылғы жылдың 10 айында облыста 327 жол көлік апаты болды. Салдарынан 39 адам қаза тауып, тағы 463-і түрлі дене жарақатын алды.