Петропавл жастары мәңгілік алаудың маңын ретке келтірді
Петропалда «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері «Вандализмге жол жоқ» экологиялық акциясын өткізді, деп хабарлайды тілшіміз.
Аталған шараға қатысқан жастар ең алдымен алау аумағын тазартудан бастады. Өйткені мұнда келушілер түрлі жазуларды жазып кеткен. Кейін маңдағы күл-қоқысты жинап, қаптарға салды.
«Бұл экологиялық акция жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік рухын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Өкінішке қарай, Мәңгілік алау маңы күл-қоқысқа толған. Тіпті, түрлі жазуларды жазып кеткен. Біз оның бәрін жуып, тазалап шықтық. Аталған шара алдағы уақытта да жалғасын табады»,- деді «Жастар рухы» ЖҚ СҚОФ төрағасы Біржан Құдайбергенов.
Аталған экологиялық іс-шара шаһарымызда алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Бұған дейін «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері «Qyzyljar» арт-орталығының маңын ретке келтірген болатын. Айта кетейік, бұл республикалық тазалық акциясы еліміз бойынша қазанның 20-ы күні басталды.