СҚО-да алғаш рет әкелер форумы өтті
Петропавлда «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» атты облыстық әкелер форумы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, ардагерлер, сондай-ақ облыстың әр ауданынан келген 200-ден астам белсенді әке қатысты, деп хабарлайды тілшіміз Kazinform. сайтына сілтеме жасап.
Форумның мақсаты – қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, әкенің беделі мен белсенділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі т.б. өзекті мәселелерді талқылау.
«Форум өте маңызды, атына заты сай, «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» деп аталған. Әдетте, біз әкелер қалай ойлаймыз? Баланы оқытып, киіндіріп жатырмыз, жоғары оқу орнына түсірдік. Елді көрсетіп, қыдыртып жатырмыз. Біздің миссиямыз осы деп білеміз. Алайда қазіргі бала оны қаламайды, бүгінгінің баласы әкенің мейіріміне, қамқорлығына мұқтаж. Әкесінің өзіне көңіл аударып, сөйлескенін қалайды. Егер болашақты ойласақ, біз әкелер қауымы жауапкершілікті алып, балаға мейірімімізді, қамқорлығымызды аямай көрсете білу парыз деп білемін. Әкелер көбіне жұмыс істейміз, пайда табамыз, ал бала соңғы орында қалып қояды. Абай айтпақшы, егер бала ата-анадан мейірім көрмесе құрбысына барады, одан мейірім болмаса ұстазына барады, одан қайыр болмаса көшеге барады», — дейді «Сенімен болашақ» РҚБ құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асанов.
Іс-шара СҚО білім басқармасымен және «Сенімен болашақ» РҚБ бірге ұйымдастырылды. Форумның екінші бөлімінде әкелерге семинар-трениг өтті. Онда «Баланың өміріндегі — әке: оның рөлі мен әсері» атты секциялар жұмыс істеп, облыстағы білікті психолог мамандар білімдерімен бөлісті.
Оған қоса, «Сенімен Болашақ» РҚБ ата-аналарға арналған тәрбие құралы ретінде алаш зиялыларының еңбектерін қайта басып шығарып, көпшілік назарына көрме ұсынды. Оның ішінде Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабы, Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші», Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ» кітабы бар. Қайта жарық көрген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 5 томдық еңбегі 100 мектеп, 100 кітапханаға, 100 университетке тегін таратылған.
«Алаш зиялыларының еңбектерін қайта басып шығарып, ата-анаға педагогикалық-психологиялық қолдау беру бағытында осындай ағартушылардың еңбектерін жарыққа шығардық. Мысалға, Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші» кітабы 100 жылдан кейін қайта жарық көріп, республика көлемінде 2 мың данадан таратылды. Жалпы бүгінде бірлестік тарапынан 8 кітап басып шығарылды», — дейді осы бірлестіктің Астанадағы филиалының басшысы Шерхан Жұмабекұлы.
Жалпы маңызды форум енді жыл сайын өткізіледі деп жоспарланып отыр.