СҚО-да жыл басынан бері 37 сәби қайтыс болды
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 37 сәби қайтыс болған, деп хабарлайды тілшіміз.
Мұны облыстық әкімдікте өткен жиында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов айтты. Өткен жылы 9 ай ішінде өңірде 51 нәресте шетінеп кеткен.
«Перинаталдық кезеңде пайда болатын аурулардан қайтыс болғандардың үлесі басым. Ал туа біткен ауытқулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 23,5% – дан 16,2% – ға дейін төмендегені байқалады. Мұны диагностиканың жақсаруымен байланыстырып отырмыз. Яғни, сатып алынған жаңа жабдықтар мен аппараттар уақытылы әрі сапалы тексеріс жүргізуге мүмкіндік береді», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.
Бала өлімінің жоғары көрсеткіші Есіл, Қызылжар аудандарында тіркелген. Мұнда 4 жағдайдан болса, Ғабит Мүсірепов және Шал ақын аудандарында екі сәби қайтыс болған.
«Ал қалалық емдеу мекемелері арасында – № 2 емхана көш бастап тұр. Мұнда жыл басталғалы – 8 сәби шетінеп кеткен. 1-ші емханада – 5, 3 емханада – 5 жағдай тіркелді», – деді ол.
Айта кетейік, биыл өңірде бір ана өлімі тіркелді. Жағдай 3-ші қалалық емханада болған.
«Ана мен бала өлімі, бұл көрсеткіш барлығымыздың, яғни аудан, қала, облыс әкімдері мен ведомствоның жұмыс деңгейін көрсетеді. Жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, жаңа қондырғылар алынып жатыр. Бірақ осының бәрі қызмет көрсету сапасын жақсартуға септеспей тұр», – дейді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.