Петропавлда жаяужүргіншілер үшін жарықдиодты жол белгілері орнатылып жатыр
Петропавлда жаяу жүргіншілер .үшін жарықдиодты жолбелгілері орнатылып жатыр, деп хабарлайды тілшіміз.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету— полицияның маңызды міндеттерінің бірі. Солтүстік Қазақстан облысы жолдарында жыл басынан бері 327 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның 113-і жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты. Тіркелген жол апатының 25-і жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған. Жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттыруға бағытталған рейдтерден бөлек, тәртіп сақшылары жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына ден қоюда. Себебі, инфрақұрылымның жағдайы қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі табылады.
Өткен аптадан бастап полицейлердің ұсынысы бойынша оқу орындары мен адам көп жиналатын жерлерде жол белгілері жаңартыла бастады. Яғни енді белгі қараңғы уақытта, әрі кез -келген ауа райында анық көрінеді. Жергілікті тұрғындар бұл жаңашылдықты толығымен қолдап жатыр.
«Бұл жерден балалар жиі өтеді. Жаңа үйлер салынып жатыр. Жақын маңда супермаркет те бар. Жақсы жасалған. Енді жүргізушілерге мұқият болу керек»,– дейді пәтер иелері кооперативінің төрағасы.
Облыс орталығының жолдарында жарықдиодты жарықтандырылған белгілермен жабдықталған 46 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Қазір тағы 10 –ы орнатылып жатыр.
«Жаңа оқу жылының қарсаңында мектептер мен колледждердің маңында 15 қосымша жасанды кедергі, қажетті жол белгілері орнатылып, оларды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жол үстіне таңбалар салынуда. Полиция департаменті облыс әкімдігімен бірлесіп, жол қозғалысы жағдайын жақсарту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр», — дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.