СҚО- да мүгедек жандардың алдынан шығатын кедергілер көп…
Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық тобын әрбір үшінші нысан ғана қабылдай алады, деп хабарлайды тілшіміз.
Қалғандары ішінара немесе талапқа мүлде сай келмейді.
Петропавл қаласының тұрғыны Андрей Ращепкин бір жыл бұрын арбаға таңылған. Қазір ол мүмкіндігі шектеулі жан. Бұған дейін өз аяғымен жүрген ол, енді баратын жеріне арбамен жетеді. Бірақ, кей көшелерде кідіріп қалады. Себебі облыс орталығында мұндай жандар үшін алдынан шығатын кедергілер көп.
«Жолдан өткенде тас жиектері биік болады. Шыға алмай тұрғаның. Әйтеуір, адамдар көмектесіп жібереді. Ал, мен баратын аурухана, әлеуметтік көмек көрсету ұйымында бәрі бар», — дейді Петропавл қаласының тұрғыны Андрей Ращепкин.
Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Сәлімхан Сәбитов мүмкіндігі шектеулі жандардың көрген күнін жақсы біледі. Өйткені, өзі де осы топқа жатады. Биылдан бастап ол тағдырлас жандардың жанға батар мәселелерін көтеріп жүр. Оның айтуынша, қазір арбаға таңылған адамдарға жердің үстімен тартылған құбырлар кедергі келтіреді.
«Міне, мына жерден жарым жан қалай өтеді деп оайлсыздар? Адамда бірнеше қол жоқ шығар. Осы сияқты орындар көптеп кездеседі», — дейді қалалық мәслихаттың депутаты Сәлімхан Сәбитов.
Талаптардың сақталмайтынын жауаптырлар да растап отыр.
«Нысандарға қойылатын негізгі талаптар: пандус пен көтергіштің болуы. Зағип жандар үшін «Брайль» тақтайшалары орнатылуы тиіс. Оның ішінде жанасу жолағы мен санитарлық торап та бар. Өкінішке қарай, бұл ережелер сақталмайды», — дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Береская.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға 120 – ға жуық нысан бейімдендірілді.
«Олар негізінен мектеп, емхана, мемлекеттік мекеме мен қызмет көрсету орындары», — дейді мамандар.