СҚО-да полицияның телеграм-ботына бір айда есірткі қылмысына қатысты 25 хабарлама түскен
СҚО-да полицияның телеграм-ботына бір ай ішінде есірткі қылмысына қатысты 25 хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды тілшіміз.
Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың 11 айында 50-ге жуық адам есірткі сатты деген күдікпен ұсталды. Ал оның жартысынан көбі 25 жасқа толмағандар. Мұндай статистиканы СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев «Пилигрим» студенттік театры сахналаған спектакльді көру үшін Солтүстік Қазақстан университетіне жиналған жастарға айтты. Қойылым облыстық полиция мен университет арасындағы нашақорлықтың алдын алу жөніндегі бірлескен жоспары шеңберінде жүзеге асырылды. Жастар спектакльды дайындау барысында есірткіге тәуелді адамдармен бірнеше рет көзбе-көз кездескен кәсіби психологтармен кеңескен. Бұл жас актерлерге рөлді терең түсінуге, беріле ойнауға, нашақордың өмірі қысқа екенін сахнадан көрермендерге жеткізуге көмектесті. Өз кезегінде көрермендер ыстық ықыластарын білдіріп, қошеметтерін аямады.
Қойылым аяқталған полицейлер мен психологтар жастарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
«Полицияға қоңырау шалуға, мәтіндік, аудио немесе бейнехабарлама жіберуге мүмкіндік беретін «102» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Telegram мессенджерінің пайдаланушыларына t.me/sko_narkohelp_bot деп аталатын анонимді бот ыңғайлы болмақ. Егер есірткі жасырушыларды байқап қалсаңыз, олардың әрекеттерін суретке немесе бейнежазбаға түсіріп алып, «102» нөмірі арқылы полицияға не болмаса жақын маңдағы патрульдік жасаққа хабарлаңыз. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 12 қазанда іске қосылған телеграм-бот арқылы 25 хабарлама алды. Барлық хабарламалар бойынша тексерулер жүргізілді, қажетті шаралар қабылданды. Тек полиция мен қоғамның бірлескен күшімен ғана есірткінің таралуына сенімді тосқауыл қоюға болады», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.